Skip to main content
search

3 маусымда “ҚДСЖМ/KSPH” Қазақстандық медицина университетінде бірлескен ынтымақтастық әлеуетін зерделеу және іскерлік қатынастар орнату мақсатында Қазақстан мен Германияның денсаулық сақтау және медициналық технологиялар саласындағы компаниялардың кездесуі өтті. Кездесуде Қазақстанның денсаулық сақтау саласының өкілдерімен ынтымақтастық және бизнес мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу бағдарламасы аясында “Қазақстан-Герман ынтымақтастығы мен денсаулық сақтау және медициналық технологиялар саласындағы іскерлік қатынастардың әлеуеті” мамандандырылған конференциясы, жеке пікірталастар, қазақстандық және неміс компаниялары арасындағы B2B келіссөздер өтті.

Гибридті режимде өткен конференциясына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Кинаятов Аслан (онлайн), медициналық ұйымдар мен қауымдастықтардың басшылары, университет профессорлары мен оқытушылары, сондай-ақ Abacus Analytical GmbH, ACL GmbH, Medavis GmbH, OPASCA GmbH, VISION MED GmbH, NursIT Institute GmbH, Inspital Medical Technology GmbH, Aap Joints GmbH, Clinic Tools Deutschland GmbH сияқты жетекші неміс компаниялары қатысты. Неміс компаниялары зертханалық және аналитикалық технологияларды, медициналық инженерияны, фармацевтикалық және физиотерапиялық өнімдерді, аурухананың ақпараттық жүйелеріне арналған IT шешімдерін және процестерді оңтайландыруды ұсынды.

Конференцияның модераторлары профессор доктор, Netsci GmbH, басқарушы директоры Маттиас Крамер және “ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университетінің ректоры Әуезова Ардақ Мұханбетжанқызы (PhD) іс-шараны жүргізді.

Ардақ Мұханбетжанқызы өз сөзінде біздің университетіміз кездесу өткізу алаңы ретінде бекер таңдалмағанын, өйткені қазақстандық қоғамдық денсаулық сақтау мектебі ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы 1996 жылғы 18 қазандағы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен құрылған. Қоғамдық денсаулық сақтау, қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша денсаулық сақтау басшыларының біліктілігін арттыру, қазіргі жағдайдағы саясат және басқару. Сондай-ақ, ректор магистратура, докторантура, резидентура бойынша оқу бағдарламаларын таныстырып, университеттің жетістіктері туралы айтып өтті.

Неміс бизнесмендері Германия мен Қазақстанның қарым-қатынасы екі тарап үшін де экономикалық тиімділікпен бірін-бірі толықтыратынын атап өтті.

Кездесу соңында неміс делегациясы Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары тарапынан жемісті ынтымақтастыққа және олардың ұсыныстарын қолдауға үміт білдіріп, ел өнеркәсібін мақсатты және үдемелі дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараны Германияның экономика және климатты қорғау Федералды министрлігінің тапсырмасы бойынша Dreberis GmbH неміс компаниясы, NETSCI GmbH, “ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университеті ұйымдастырды.

Барлық қатысушыларға денсаулық сақтау саласындағы халықаралық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі мен назары үшін алғыс айтамыз!

Close Menu