Түркістан қаласында медициналық ұйымдардың корпоративтік басқаруы мен қаржылық тұрақтылығына арналған семинар-тренинг өтті

Түркістан, 9 қазан 2026 жыл.

2026 жылғы 7–9 қазан аралығында Түркістан қаласында Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» мен Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен «ҚР медициналық ұйымдарының корпоративтік басқаруы және қаржылық тұрақтылығы: Бақылау кеңесінің рөлі» тақырыбында үш күндік семинар-тренинг өтті.

Оқыту бағдарламасының жалпы ұзақтығы 24 академиялық сағатты құрады.

Іс-шараға Түркістан облысының облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларының, емханаларының, мамандандырылған медициналық орталықтарының, сондай-ақ медициналық колледждерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – денсаулық сақтау ұйымдарында корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, қаржылық тұрақтылықты нығайту, стратегиялық жоспарлау мен басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ Бақылау кеңестерінің қызметін дамыту.

Оқыту бағдарламасын тәжірибелі сарапшылар мен профессорлар жүргізді:

  • Құрақбаев Құралбай Құрақбайұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Денсаулық сақтау экономикасы және сақтандыру медицинасы» курсының меңгерушісі.
  • Ахметов Валихан Исаевич – медицина ғылымдарының докторы, «Денсаулық сақтау менеджменті» кафедрасының профессоры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сарапшысы.
  • Әбілдаев Тілеухан Шілдебайұлы – денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының кандидаты және докторы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының басшысы.

Семинар барысында келесі бағыттар қамтылды:

  • Денсаулық сақтау саласындағы корпоративтік басқарудың негіздері мен заманауи тәсілдері;
  • Медициналық ұйымдардың даму стратегиясын әзірлеу және іске асыру;
  • Бақылау кеңесінің қызметін ұйымдастыру және корпоративтік хатшының рөлі;
  • Корпоративтік тәуекелдерді талдау және басқару;
  • Комплаенс-офицер қызметі мен ішкі аудитті ұйымдастыру;
  • Медициналық ұйымдардың қаржылық ресурстарын тиімді басқару;
  • Қаржылық жоспарлау, бюджеттеу және қаржы-шаруашылық қызметті талдау;
  • Бақылау кеңесі жұмысының тиімділігін бағалау.

Оқыту барысында қатысушылар денсаулық сақтау ұйымдарының басқару жүйесін жетілдіруге, қаржылық қызметін тиімді жоспарлауға және корпоративтік басқарудың заманауи құралдарын тәжірибеде қолдануға бағытталған білім алды.

Аталған семинар-тренинг медициналық ұйымдардағы басқару сапасын арттыруға, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау жүйесінің институционалдық дамуына ықпал етуге бағытталды.

Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» медициналық ұйымдардың басшылары мен мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру, денсаулық сақтау менеджментін дамыту және заманауи басқару тәжірибелерін енгізу бағытындағы білім беру қызметін жалғастыруда.

Share