Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» XVI халықаралық ғылыми-практикалық «Қайшыбаев оқулары» конференциясына қатысты»
Алматы қаласы, 8–10 қазан 2026 жыл.
Алматы қаласында көрнекті ғалым, дәрігер Смағұл Қайшыбаевтың ғылыми мұрасына арналған XVI халықаралық ғылыми-практикалық «Қайшыбаев оқулары» конференциясы өтуде.
Аталған ғылыми іс-шара неврология саласындағы отандық және шетелдік мамандарды біріктіріп, заманауи диагностиканың, емдеудің және нейрореабилитацияның өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған.
Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» ректоры Ардақ Мұханбетжанқызы Әуезова құттықтау сөз сөйлеп, медицина ғылымын дамытудың, кәсіби тәжірибе алмасудың және дәрігерлердің үздіксіз білім алуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар ректор Смағұл Қайшыбаевтың ғылыми мұрасын сақтап, отандық неврология мектебінің дамуына үлес қосып жүрген Гүлназ Смағұлқызына ерекше алғыс білдірді.
Конференция аясында Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» ақпараттық-көрме стендін ұсынды. Қатысушылар университеттің білім беру бағдарламаларымен, магистратура, докторантура, резидентура және біліктілікті арттыру бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Көрме барысында университет тарапынан «Қоғамдық денсаулық сақтау» атты екі томдық ғылыми-білім беру басылымы (I және II том) таныстырылды. Бұл басылым қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы кәсіби білімді дамытуға арналған.
Конференция бағдарламасында эпилепсия, деменция, Паркинсон ауруы, нейродегенеративті аурулар, бас аурулары, инсульт және нейрореабилитация мәселелері қамтылған.
Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» осындай халықаралық ғылыми алаңдарға қатысу арқылы медициналық білім беру сапасын арттыруға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосуды жалғастыруда.





