


«ҚДСЖМ» ҚМУ медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін резидентураға шақырады
«Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университеті («ҚДСЖМ» ҚМУ) сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша резидентураға құжат қабылдау басталғанын хабарлайды.
«ҚДСЖМ» ҚМУ резидентурасы – сапалы жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім алуға, еліміздің жетекші клиникалық базаларында тәжірибелік дағдыларды меңгеруге және жоғары білікті оқытушылар мен тәжірибелі дәрігерлердің жетекшілігімен кәсіби құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында университет резидентураның 28 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Тәжірибелік даярлық 90-нан астам клиникалық ұйым базасында жүргізіледі. Бұл болашақ дәрігерлерге заманауи денсаулық сақтау жүйесі жағдайында клиникалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Білім беру үдерісі дәлелді медицина қағидаттарына, заманауи білім беру технологияларын қолдануға және клиникалық ойлауды дамытуға негізделген. Практикалық даярлықпен қатар, резиденттер ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, ғылыми жобаларға қатысуға және кәсіби құзыреттерін үздіксіз жетілдіруге мүмкіндік алады.
Бірыңғай ақпараттық платформа арқылы қабылдау
Құжаттарды қабылдау және конкурсқа қатысу Бірыңғай ақпараттық платформа арқылы жүзеге асырылады. Платформа конкурстық іріктеудің ашықтығын, әділдігін және автоматтандырылуын қамтамасыз етеді.
Платформа талапкерлерге келесі мүмкіндіктерді ұсынады:
-резидентураның 4 білім беру бағдарламасына дейін таңдау;
-резидентура бағдарламаларын іске асыратын 4 жоғары оқу орнын таңдау;
-конкурстық балды автоматты түрде есептеу; -рейтингтегі орнын нақты уақыт режимінде бақылау;
-таңдалған білім беру бағдарламасына оқуға түсу ықтималдығын бағалау.
Құжат қабылдау аяқталғаннан кейін жүйе әрбір білім беру бағдарламасы бойынша үміткерлердің рейтингін жинаған конкурстық балдарына сәйкес автоматты түрде қалыптастырады.
Конкурстық балды есептеу
Конкурстық балл келесі формула бойынша анықталады: (GPA × 50) / 4 + (Қорытынды аттестаттау бағасы × 5) / 10 мұнда: GPA – бакалавриат және интернатура бағдарламалары бойынша оқу кезеңіндегі орташа үлгерім көрсеткіші; Қорытынды аттестаттау бағасы – мемлекеттік (қорытынды) аттестаттау нәтижесі. Талапкерлерге маңызды ақпарат Өтініш берер алдында жеке тұлғаның қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) бар екеніне, ЭЦҚ файлдарының қолжетімділігіне және сертификаттың жарамдылық мерзіміне көз жеткізу қажет. Қолданыстағы ЭЦҚ-ның болмауы немесе оның мерзімінің өтіп кетуі өтініш беруге және конкурстық іріктеуге қатысуға кедергі келтіруі мүмкін. «ҚДСЖМ» ҚМУ медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін кәсіби дамуға сенімді қадам жасап, сапалы білім алуға және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлес қосатын жоғары білікті мамандар қауымдастығының бір бөлігі болуға шақырады. Қабылдау ережелері, білім беру бағдарламалары және құжат қабылдау мерзімдері туралы толық ақпарат «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университетінің ресми сайтында орналастырылған.
