







«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінде 2025-2026 оқу жылының докторантура түлектері және «Қоғамдық денсаулық сақтау» мен «Медицина» білім беру бағдарламаларына жаңадан қабылданған докторанттармен кездесу өтті.
Кездесуге «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің ректоры Ауезова Ардақ Мұханбетжанқызы қатысушыларды жылы қарсы алып, жаңадан қабылданған докторанттармен танысты және университетті, оның негізгі қызмет бағыттарын, білім беру және ғылыми мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесу барысында ғылыми-зерттеу жұмысының перспективаларына, кәсіби дамуға және оқу кезеңінде ғылыми жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында 8D10101 «Қоғамдық денсаулық сақтау» және 8D10141 «Медицина» білім беру бағдарламалары бойынша 2025-2026 оқу жылының докторантура түлектерін құттықтау рәсімі өтті.
Түлектер оқу және ғылыми қызмет барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми жетекшілеріне кәсіби тәлімгерлігі, оқу кезеңінде көрсеткен қолдауы және олардың зерттеуші ретінде қалыптасуына қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді. Жаңадан қабылданған докторанттарға сәттілік, табандылық, ғылыми жаңалықтар мен алға қойған мақсаттарына сүрінбей жетуді тіледі.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – 2026-2029 оқу жылдары докторантурада білім алуға арналған ректор грантының иегерлеріне куәліктер табыстау рәсімі болды.
8D10141 «Медицина» білім беру бағдарламасы бойынша ректор гранты:
— Симтикова Жазира Құттыбайқызына;
— Раимова Азиза Руслановнаға берілді.
8D10101 «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасы бойынша ректор гранты:
— Құрақбай Айбек Берікұлына берілді.
Кездесу докторанттардың әртүрлі буынын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, академиялық сабақтастықты нығайтуға және жаңа кәсіби әрі ғылыми байланыстарды қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.
«ҚДСЖМ» Университеті түлектерді академиялық жолындағы маңызды кезеңді сәтті аяқтауымен, ал жаңадан қабылданған докторанттарды оқуын бастауымен құттықтайды. Медицинаны, қоғамдық денсаулық сақтауды және денсаулық сақтау жүйесін дамыту игілігі жолында жемісті ғылыми жұмыс, маңызды зерттеулер, кәсіби өсу және жаңа жетістіктер тілейміз.
