«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасынан алғыс хат алды

«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан кәсіби біліктілігі, жоғары деңгейдегі сарапшылық қолдауы және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды.

2026 жылғы 7–9 қазан аралығында Түркістан қаласында «Қазақстан Республикасындағы медициналық ұйымдардың корпоративтік басқаруы және қаржылық тұрақтылығы: Байқау кеңесінің рөлі» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өткізілді.

Іс-шара медициналық ұйымдардың Байқау кеңестерінің қызметін жетілдіруге, корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыруға, нормативтік-құқықтық базаны қолдану дағдыларын нығайтуға және денсаулық сақтау ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Семинар-тренинг барысында университеттің жетекші профессорлары өздерінің терең ғылыми білімдерімен, кәсіби тәжірибелерімен және практикалық ұсыныстарымен бөлісті.

Атап айтқанда, алғыс хатта келесі мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді:

  • Құрақбаев Құралбай Құрақбайұлы – медицина ғылымдарының докторы, «ҚДСЖМ» профессоры, III дәрежелі «Барыс» орденінің иегері;
  • Әбілдаев Тлеухан Шілдебайұлы – медицина ғылымдарының докторы, «ҚДСЖМ» профессоры;
  • Ахметов Валихан Исаұлы – медицина ғылымдарының докторы, «ҚДСЖМ» профессоры.

Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы университет оқытушыларының жоғары кәсібилігін, мол тәжірибесін және іс-шараның мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

Бұл алғыс хат – университеттің білім беру және сарапшылық қызметінің маңыздылығын, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосып отырған үлесінің жоғары бағаланғанының айқын дәлелі.

«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасына көрсеткен сенімі, жоғары бағасы және нәтижелі ынтымақтастығы үшін шынайы алғысын білдіреді.

Университет алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби кадрларды даярлау, басқарушылық құзыреттерді дамыту және медициналық ұйымдардың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Share