ҚДСЖМ ұжымы мен білім алушылары Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады
28 қазан 2026 жыл | Алматы қаласы
2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан медициналық университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің» басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімше қызметкерлері, магистранттары, докторанттары, резиденттері және колледж студенттері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирде бірлесе тыңдады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, білім мен ғылым сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жолдауда денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған маңызды бастамалар көтерілді. Президент ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған медициналық инфрақұрылымды кеңейту, заманауи перинаталдық орталықтар мен көпбейінді балалар ауруханаларын салу, алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру жөнінде тапсырма берді. Бұл бастамалар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын нығайтуға бағытталған.
Медициналық білім беру және ғылыми-зерттеу саласында қызмет атқаратын университет үшін Жолдауда айқындалған міндеттердің маңызы ерекше. Білікті медицина мамандарын даярлау, ғылыми әлеуетті арттыру, инновациялық технологияларды білім беру мен денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізу – ҚДСЖМ қызметінің негізгі басымдықтарының бірі.
Президент Жолдауын ұжым болып тыңдау еліміздің стратегиялық даму бағыттарымен танысуға, денсаулық сақтау мен медициналық білім беру жүйесінің болашақ міндеттерін зерделеуге мүмкіндік берді.
Қазақстан медициналық университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» сапалы білім беру, ғылымды дамыту және кәсіби білікті мамандар даярлау арқылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосуды жалғастырады.






