Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ»-нің 7М10112 «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламасының магистранты Асқар Перизат Абылайқызы IV Халықаралық жас ғалымдар форумы «Sovmin Forum» аясында ұйымдастырылған ғылыми жұмыстар байқауында үздік он ғылыми жұмыстың қатарына енді.

2026 жылғы 27 қазанда Асқар Перизат Абылайқызы ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістігі мен ұсынған ғылыми жұмысының жоғары бағалануы үшін  грамотамен марапатталды.

IV Халықаралық жас ғалымдар форумы «Sovmin Forum» Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі базасында ұйымдастырылады. Форумның негізгі мақсаты – жас зерттеушілер мен ғалымдарды бір алаңға біріктіру, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен, кәсіби тәжірибемен және инновациялық идеялармен алмасуға мүмкіндік жасау.

Аталған ғылыми байқауға қатысып, үздік ондыққа енуі магистранттың ғылыми ізденіске деген ынтасын, кәсіби дамуға ұмтылысын және мейіргер ісі саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығын көрсетеді.

ҚМУ «ҚДСЖМ»-нің «Мейіргер ісі» кафедрасы магистранттардың ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерін қалыптастыруға, дәлелді мейіргерлік практиканы дамытуға, ғылыми жобаларға қатысуына және зерттеу нәтижелерін практикалық денсаулық сақтау саласына енгізуге ерекше көңіл бөледі.

Магистранттың бұл жетістігі университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, жас зерттеушілердің кәсіби және ғылыми белсенділігін қолдауға, сондай-ақ мейіргер ісі саласындағы ғылыми зерттеулердің дамуына үлес қосады.

Асқар Перизат Абылайқызын ғылыми жұмысының жоғары бағалануымен және Құрмет грамотасымен марапатталуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Алдағы ғылыми ізденістеріне табыс, кәсіби қызметіне жетістік және жаңа ғылыми белестерді бағындыруына тілектестік білдіреміз!

Share