ҚДСЖМ ректоры литий-ионды батареяларды қайта өңдеу цехының ашылуына қатысты

2026 жылғы 23 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Электрохимиялық өндірістер технологиялары» зертханасының тәжірибелік-технологиялық цехының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған іс-шараға Қазақстандық медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің» ректоры Ардақ Мұханбетжанқызы Әуезова қатысып, жаңа ғылыми-өндірістік нысанның қызметімен танысты.

Жаңадан ашылған цехтың негізгі бағыттарының бірі – қолданыстан шыққан литий-ионды батареяларды қайта өңдеу. Бұл инновациялық технология пайдаланылған аккумуляторлар құрамындағы құнды материалдарды бөліп алуға, оларды қайта пайдалануға және қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға бағытталған.

Жоба елімізде жасыл технологияларды дамытуға, өндірістік қалдықтарды тиімді басқаруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеде қолдануға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Іс-шара барысында қатысушыларға цехтың технологиялық мүмкіндіктері мен литий-ионды батареяларды қайта өңдеу кезеңдері таныстырылды.

ҚДСЖМ ректоры Ардақ Мұханбетжанқызы Әуезованың аталған іс-шараға қатысуы жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту, инновациялық бастамаларды қолдау және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілету тұрғысынан маңызды.

Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» ғылым мен инновацияның дамуын қолдай отырып, экологиялық қауіпсіздік пен халық денсаулығын сақтауға бағытталған бастамаларға ерекше мән береді.

Share