


«ҚДСЖМ» ҚМУ медициналық колледжінде симуляциялық дәріхана ашылды
«ҚДСЖМ» ҚМУ медициналық колледжінде «Фармация» мамандығы бойынша білім алушыларға арналған симуляциялық дәріхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа оқу кеңістігі студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға және дәріхана жағдайында жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Салтанатты іс-шараға «ҚДСЖМ» ҚМУ ректоры *Ардак Муханбетжановна Ауезова, еліміздегі ірі дәріханалар желілерінің бірі — «Рауза» дәріханалар желісінің басшысы, кәсіпкер Ерлан Аманқұлұлы Қанатпаев, сондай-ақ медициналық колледж директоры *Майра Заманбековна Сарсенбаева қатысты.
Іс-шара барысында құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, болашақ фармацевтика мамандарын даярлауда тәжірибеге бағдарланған оқытудың маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты рәсім аясында символикалық лента қиылып, қазақ халқының ұлттық дәстүріне сай шашу шашылды. Қонақтар жаңадан ашылған симуляциялық дәріхананың оқу мүмкіндіктерімен және жабдықталуымен танысты.
Симуляциялық дәріхананың ашылуы — медициналық колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім беру сапасын арттыруға және еңбек нарығының талаптарына сай білікті фармацевтика мамандарын даярлауға бағытталған маңызды қадам.
