



2026 жылғы 23 мамыр күні Алматы қаласындағы Park Dedeman Almaty қонақүйінде А.С. Құлтаевтың 60 жылдығына арналған «Қазіргі клиникалық медицина және ультрадыбыстық диагностика: стандарттардан сараптамалық шешімдерге» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өтті.
Конференция «Клиникалық медицина» секциясы аясында ұйымдастырылып, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінен келген жетекші ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлерді бір алаңда тоғыстырды. Іс-шара барысында ультрадыбыстық диагностика, радиология, кардиология, онкология, эндокринология, гастроэнтерология, анестезиология және цифрлық медицина салаларындағы заманауи ғылыми жетістіктер мен клиникалық тәжірибелер кеңінен талқыланды.
Конференция модераторлары:
* Татьяна Нуриденовна Буркутбаева — медицина ғылымдарының докторы, профессор;
* Айман Серғазықызы Имамбетова — медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, «КАСУДМ» республикалық қоғамдық ұйымының вице-президенті.
Халықаралық конференция аясында қатысушылар медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып, клиникалық тәжірибеге енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді таныстырды.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі — радиология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Асхат Сейтханович Құлтаевқа «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің «Профессор» академиялық атағының салтанатты түрде табысталуы болды.
Конференция жоғары ғылыми деңгейде өтіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, медицина саласындағы тәжірибе мен білім алмасуға және денсаулық сақтау жүйесіндегі заманауи бағыттарды талқылауға мүмкіндік берді.
«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті ғылыми қауымдастық өкілдеріне, спикерлер мен қатысушыларға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіреді және Асхат Сейтханович Құлтаевты мерейтойымен және университеттің «Профессор» атағын алуымен шын жүректен құттықтайды.
