2026 жылғы 15 қыркүйекте еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметі қызметкерлерінің алғашқы Конгресі өтті.

Конгресс аясында «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің көрме стенді ұсынылды. Университет ұсынған қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы екі томдық жаңа оқулықтар ерекше қызығушылық тудырды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Тілеулесқызы Рахимжанова басылымдармен танысып, ұсынылған материалдардың қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлаудағы өзектілігін атап өтті.

Конгресс санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттік органдар, ғылыми және кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктіріп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығының өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды.

«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметі қызметкерлерін алғашқы кәсіби Конгрестің өтуімен құттықтап, олардың көпжылдық еңбегі, жоғары кәсібилігі, халық денсаулығын қорғауға және еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін зор алғысын білдіреді.

Share