ҚДСЖМ ректоры әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Алтын күз» жәрмеңкесіне қатысты
2026 жылғы 23 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен дәстүрлі «Алтын күз» мерекелік жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шаралар ғалымдарды, оқытушыларды, студенттерді және құрметті қонақтарды бір алаңға біріктірді.
Іс-шараға Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» ректоры Ардақ Мұханбетжанқызы Әуезова қатысып, экологиялық бастама мен мерекелік бағдарламаның құрметті қонағы болды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында университет аумағына 65 түп ағаш отырғызылды. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға, аумақты көгалдандыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Экологиялық акциядан кейін мерекелік шара «Алтын күз» жәрмеңкесімен жалғасын тапты. Күзгі молшылық пен берекені дәріптеген жәрмеңкеде университет факультеттері өздерінің ерекше безендірілген көрме алаңдарын ұсынып, ұлттық тағамдар мен түрлі дәмдерге толы дастарқандар жайды.
Әсіресе, қазандарда дайындалған ыстық палау, ұлттық тағамдар мен қазақы қонақжайлық мерекенің сәнін келтіріп, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Мереке аясында факультеттердің шығармашыл студенттері мен өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әсем әндер, мың бұралған билер мен әсерлі өнер көрсетілімдері жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, студент жастардың шығармашылық әлеуетін танытты.
«Алтын күз» жәрмеңкесі тек күзгі молшылықтың мерекесі ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұжымдық бірлікті нығайтатын және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыратын маңызды мәдени алаңға айналды.
ҚДСЖМ ректоры Ардақ Әуезованың аталған іс-шараларға қатысуы университеттің қоғамдық маңызы бар бастамаларды қолдауға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстарды нығайтуға ерекше мән беретінін көрсетеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Алтын күз» мерекесі табиғатқа жанашырлықты, ұлттық дәстүрге құрметті және білім мен ғылым қауымдастығының бірлігін үйлестірген тағылымды іс-шара болды.








