«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінде ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының жұқпалы аурулар және климаттың өзгеруі жөніндегі бөлімшесінің бұрынғы директоры Робб Батлердің «Денсаулық сақтаудағы жаһандық және өңірлік сын-қатерлер және мінез-құлық ғылымдарына кіріспе» (Global and Regional Health Challenges with Introduction to Behavioral Science) тақырыбындағы ғылыми-ағартушылық дәрісі өтті.

Құттықтау сөз барысында «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің тарихы мен негізгі қызмет бағыттары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтастығы және «Салауатты қалалар» (Healthy Cities) жобасын қоса алғанда, халықаралық бастамаларға қатысуы туралы қысқаша ақпарат берілді. Сондай-ақ 2027 жылы университеттің 30 жылдық мерейтойы атап өтілетіні және осыған орай ДДҰ өкілдерінің қатысуымен бірқатар ірі іс-шаралар өткізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Дәріс барысында Робб Батлер денсаулық сақтау саласындағы өзекті жаһандық және өңірлік сын-қатерлер туралы өз көзқарасын ұсынып, қатысушыларды ДДҰ-ның 2025-2030 жылдарға арналған Еуропалық жұмыс бағдарламасының (European Programme of Work 2025-2030) негізгі бағыттарымен таныстырды. Мінез-құлық ғылымдарына және қоғамдық денсаулық сақтаудағы мінез-құлық факторларының маңызына ерекше назар аударылды.

Кездесудің практикалық бөлігінде білім алушылардың белсенділігіне әсер ететін мінез-құлық факторларына арналған интерактив өткізілді. Қатысушылар спикердің сұрақтарына жауап беріп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Бұл еркін пікір алмасуға мүмкіндік беріп, кездесудің мазмұнды әрі қызықты өтуіне ықпал етті.

Share