
2026 жылғы 15 маусымда «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде бес жыл мерзімге қайта аккредиттеуден сәтті өтті. Аккредиттеу туралы куәлікті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі берді.
Бұл маңызды оқиға университеттің жоғары ғылыми әлеуетін, жүргізіліп жатқан зерттеулердің тиімділігін және ғылыми әрі ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне қойылатын талаптарға толық сәйкес келетіндігін растайды. Алынған аккредиттеу ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар конкурстарына, халықаралық зерттеу бағдарламаларына, сондай-ақ ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ғылым және консалтинг департаментінің ұжымына құжаттарды сапалы дайындағаны, аккредиттеу үдерісін үйлестіргені және рәсімнің барлық кезеңдерін кәсіби деңгейде сүйемелдегені үшін ерекше алғысымызды білдіреміз!
Куәліктің алынуы университеттің ғылыми қызметін дамыту, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру және зерттеу әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Біз бірлесе отырып университеттің ғылыми әлеуетін одан әрі нығайтып, медициналық ғылым мен Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өз үлесімізді қоса береміз.
