2026 жылғы 20 сәуірде Қазақстан медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде» Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз-Думан» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік кештің мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының бай салт-дәстүрлерін насихаттау және студенттер мен қызметкерлер арасында рухани-мәдени сабақтастықты нығайту болды.

Іс-шараның шымылдығы арнайы шақыртумен Талдықорған қаласынан келген, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген «Руханият серілері» өнер ұжымының музыкалық бағдарламасымен ашылды.

Мерекелік жиын Қазақстан медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің» ректорының құттықтау сөзімен басталды. Сонымен қатар колледж студенті Дария Байберік Серғалиқызы Іңкәрдің орындауындағы күй көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қазақ халқының ақ батасын Құралбай Құрақбаев беріп, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.

Бағдарлама аясында колледждің 1-курс студенттері ұлттық нақыштағы «Қазақ биін» орындады. Сондай-ақ Дагестан халқының мәдениетін танытқан авар биін колледж студенттері Лазгиева Хабиба мен Исмаилова Каролина сахналап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара барысында қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты ұлттық дәстүрлері сахналық қойылымдар арқылы көрсетілді. Қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының докторанттары «Сүйінші сұрау» және «Бесік той» дәстүрлерін сахналады. Бұл көрініс арқылы жаңа өмірдің басталуы мен бесіктің тәрбиелік маңызы кеңінен насихатталды.

Педагогика, психология және жалпы білім беру пәндері кафедрасы қазақ халқының тәрбиелік мәні зор «Тұсау кесу» дәстүрін көрермен назарына ұсынды. Ал Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасы мен Денсаулық сақтау менеджменті кафедрасы бірлесіп «Шашу шашу» және «Наурыз көже тарату» дәстүрлерін көрсетіп, Наурыз мерекесінің молшылық пен берекенің символы екенін айшықтады.

Бағдарламаның келесі бөлімінде қазақ халқының өмірлік кезеңдеріне қатысты «Сүндет той» және «Атқа мінгізу» дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық тәрбиенің маңызы мен жас ұрпақтың азамат болып қалыптасу жолы таныстырылды.

Мерекелік кеш барысында Қазақстан медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің» Медиа орталығының жетекшісі Сабина Иманбаеваның орындауындағы «Кішкентай адам» әні көпшілік көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара соңында арнайы шақырылған «Руханият серілері» өнер ұжымы мерекелік бағдарламаны қорытындылап, қатысушылармен бірге ән айтып, би билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Наурыз-Думан» мерекесі ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді дәріптеген, студенттер мен қызметкерлердің бірлігін нығайтқан тағылымы мол мәдени іс-шара ретінде есте қалды.

Share