Skip to main content
search

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ташкент қаласында өткен жоғары деңгейдегі «Балалар үшін диалог: Орталық Азия және ЮНИСЕФ» конференциясына қатысты. Сөз сөйлеу кезінде министр балалардың денсаулығын, әл-ауқатын және құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның бастамаларын таныстырды.

Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұрады, олардың әрқайсысы туған сәтінен бастап денсаулық сақтау жүйесінің назарында. Бүгінде Қазақстанда балалардың құқықтары 16 халықаралық құжатпен қорғалған.

Білім алу құқығын іске асыру шеңберінде елімізде инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Инклюзивті білім беру туралы заңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы жағдай жасау қарастырылған.

«Бүгінде мектептердің 90%-нан астамында инклюзивті білім беруге арналған жағдайлар, оның ішінде кедергісіз орта мен арнайы педагогтер бар», — деді А. Әлназарова.


2023 жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Биыл сәуір айында мектептегі тамақтану бойынша жаңа стандарт қабылданды. Ол балалардың тамақтану рационына пайдалы өнімдерді енгізуге, тұз бен қант тұтынуды азайтуға бағытталған.


Сондай-ақ республикада балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары күшейтілді, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ДОСБОЛLiKe антибуллингтік бағдарламасы іске асуда).


7 миллион балаға медициналық көмек ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі. Жалпы балаларға көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 264 млрд теңгеден 575,4 млрд теңгеге дейін екі есе артты. Патронаждық бақылау, скринингтер және феталдық медицина жүйесі енгізілді, ерте араласу және дамыту орталықтары ашылуда.


Онкогематологиялық көмек те дамып келеді, балаларға арналған онкологиялық ауруларды емдеу инфрақұрылымы жақсаруда. 2025 жылдың қазан айында Астана қаласында жылына 300-ден астам пациентке, соның ішінде Орталық Азия елдерінен келген балаларға арналған Протондық терапия орталығы іске қосылады.


«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілді, онда материалдық-техникалық базаны жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және балаларға арналған Ұлттық онкогематологиялық орталықты құру мәселесі пысықталуда. Онкогематологиялық патологиясы бар балалардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 75%-дан жоғары», — деді А.Әлназарова.

Министр балалар денсаулығын сақтауға жүйелі тәсілді қалыптастыруда тығыз ведомстволық және халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге және өңір елдерімен, халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайтуға дайын.Жаңалықтарымызды біздің сайттан https://ksph.edu.kz/ және Mediclub телеграм-арнасынан қадағалаңыз.

Close Menu