ҚМУ «ҚДСЖМ» Денсаулық сақтау менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Нарымбаева Назерке Нұрмағамбетқызы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен жүзеге асырылған «Талдау мектебі. Алматы» жобасына қатысып, бағдарламаны сәтті аяқтады.

«Талдау мектебі» – мемлекеттік басқару, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық, азаматтық сектор және бұқаралық ақпарат құралдары салаларында талдамалық мәдениетті дамытуға және сапалы сараптамалық әлеуетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық жоба. Аталған жоба Алматы қаласында алғаш рет ұйымдастырылды.

Конкурстық іріктеу нәтижесінде жобаға келіп түскен 218 өтінімнің ішінен 65 қатысушы финалға жолдама алды. Іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіліп, үміткерлердің кәсіби құзыреттері, талдамалық ойлау қабілеті және қоғамдық мәселелерді шешуге деген ынтасы жан-жақты бағаланды.

Жоба аясында қатысушылар жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың дәрістеріне қатысып, талдау жүргізу, деректермен жұмыс істеу, дәлелді шешімдер әзірлеу және қалалық даму мәселелерін зерттеу бағытында практикалық білім мен дағдыларды меңгерді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткен білім беру бағдарламасы барысында заманауи аналитикалық құралдар мен тәсілдерді қолдану тәжірибесін игерді.

Оқу бағдарламасының қорытынды кезеңінде қатысушылар Алматы қаласының өзекті мәселелеріне арналған нақты кейстермен жұмыс істеп, қаланы дамытуға бағытталған аналитикалық жобалар мен практикалық ұсыныстар әзірледі. Дайындалған жобалар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Алматы қаласының әкімдігіне ұсынылды.

Нарымбаева Назерке Нұрмағамбетқызының бұл жетістігі оның кәсіби дамуға, ғылыми-сараптамалық қызметке және қоғам игілігі үшін маңызды бастамаларға белсенді қатысуға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

Әріптесіміз Нарымбаева Назерке Нұрмағамбетқызын аталған жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, ғылыми-педагогикалық қызметінде толағай табыстар, жаңа белестер мен шығармашылық жетістіктер тілейміз!

Share