Қазақстанда әйелдің туа біткен репродуктивті ағзаларының болмауына байланысты сирек кездесетін клиникалық жағдай бойынша күрделі реконструктивті операция сәтті жүргізілді.

ҚМУ «ҚДСЖМ» магистранты әрі жас хирург Эрса Шамиль бөлім меңгерушісімен бірлесіп Майер-Рокитанский-Кюстер-Хаузер синдромы бар пациентке жаңа қынап қалыптастыру бойынша бірегей операция жасады.

Дәрігердің айтуынша, мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі – шамамен әйелдердің 0,02%-ында ғана анықталады.

«Бұл менің тәжірибемдегі ең сирек әрі күрделі жағдайлардың бірі болды. Пациентте туғаннан қынап, жатыр және аналық бездер болмаған. 20 жастағы бойжеткен Орталық Қазақстаннан келді», — деді Эрса Шамиль.

Пациентке кольпопоэз операциясы ұсынылды – бұл әйелдің болашақта толыққанды жыныстық өмір сүруіне мүмкіндік беретін жаңа қынап қалыптастыруға бағытталған реконструктивті араласу.

Операция сәтті өтті.

«Өкінішке қарай, қазіргі медицина жатырды “нөлден” жасап шығара алмайды. Сондықтан пациент өздігінен бала көтеріп, босана алмайды. Алайда операциядан кейін ол толыққанды өмір сүру мүмкіндігіне ие болды», — деп атап өтті хирург.

Медицина саласында мұндай операциялар жоғары технологиялық араласулар қатарына жатады және тек кәсіби дайындықты ғана емес, реконструктивті хирургия саласындағы үлкен тәжірибені талап етеді. Қазақстанда мұндай күрделі операцияларды санаулы ғана мамандар жасайды.

Пациенттің оқиғасы — қазіргі медицинаның мүмкіндіктері мен дәрігерлердің кәсібилігі тіпті ең сирек кездесетін туа біткен патологиялар кезінде де адамның өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алатынының дәлелі.

Share