2026 жылғы 21-22 мамыр, Алматы қаласында «Денсаулық сақтау» тақырыбындағы 31-ші Қазақстан халықаралық KIHE 2026 көрмесі аясында медициналық білім беру ұйымдарының түлектері мен білім алушыларына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара денсаулық сақтау саласында кәсіби мансап құруға қызығушылық танытқан жұмыс берушілердің, білім беру ұйымдарының және жас мамандардың өзара әрекеттесуіне арналған тиімді алаңға айналды.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін Алматы клиникалар қауымдастығы және «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, медициналық ұйымдар арасындағы серіктестікті дамыту, сондай-ақ жас мамандарды кәсіби өсу және мансаптық даму мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру болды.

Екі күн бойы жәрмеңке қатысушылары мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, өзекті бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу шарттары, тәлімгерлік бағдарламалары және жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат алды. Жұмыс берушілер дәрігерлерге, қоғамдық денсаулық сақтау мамандарына, мейіргерлерге, денсаулық сақтау менеджерлеріне және саланың өзге де мамандарына арналған кең ауқымды ұсыныстарын таныстырды.

Жәрмеңке жұмысына Алматы қаласының, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Жетісу облысының медициналық ұйымдарының өкілдері, денсаулық сақтау мекемелерінің кадр қызметтері, медициналық орталықтар мен клиникалардың басшылары, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері, интерндері, резиденттері, магистранттары және түлектері қатысты.

Іс-шара барысында денсаулық сақтау жүйесін кадрлық қамтамасыз ету, жас мамандарды өңірлерге тарту, сондай-ақ жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты тетіктерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жұмысқа орналасу, тәжірибеден өту, мансаптық жоспарлау және кәсіби даму мәселелері бойынша кеңес алды.

KIHE 2026 аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің өткізілуі жұмыс берушілер мен жас мамандардың осындай бастамаларға жоғары қызығушылық танытатынын растады және отандық денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін дамыту үшін заманауи платформалар құрудың маңыздылығын көрсетті.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды дамытуға қосқан үлесі мен белсенді қатысқаны үшін барлық серіктестерге, жұмыс берушілерге және қатысушыларға алғысымызды білдіреміз.

«ҚДСЖМ» ҚМУ баспасөз қызметі

Алматы, 2026 жылғы мамыр.

Share