
Ханс Клюге ДДҰ-ның рөлі және қазіргі денсаулық сақтаудың негізгі сын-қатерлері туралы
Health Reality Check бағдарламасының жаңа шығарылымында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша өңірлік директоры, доктор Ханс Клюге ДДҰ-ның елдермен қалай өзара іс-қимыл жасайтыны, ғылыми деректердің денсаулық сақтау саласындағы шешімдердің негізіне қалай айналатыны және бүгінгі таңда қоғамның денсаулық сақтау институттарына деген сенімі неліктен ерекше маңызға ие болып отырғаны туралы айтты.
Ханс Клюге атап өткендей, ДДҰ-ның басты миссиясы — «Баршаға денсаулық». Ұйым мемлекеттердің саясатын айқындамайды. Оның міндеті — ғылыми деректер мен халықаралық тәжірибені жинақтау, ұсынымдар әзірлеу және елдерге оларды ұлттық басымдықтар мен денсаулық сақтау жүйелерінің ерекшеліктерін ескере отырып бейімдеуге көмектесу.
Сұхбатта Health in All Policies — «Барлық саясаттағы денсаулық» тәсіліне ерекше назар аударылды. Халық денсаулығы тек медициналық көмектің сапасына ғана емес, білімге, өмір сүру жағдайына, қоршаған ортаға, әлеуметтік саясатқа және басқа да көптеген факторларға байланысты. Сондықтан қоғамдық денсаулық сақтаудың қазіргі мәселелерін шешу сектораралық өзара іс-қимылды және ортақ жауапкершілікті талап етеді.
Ханс Клюге Еуропа өңірі мен Орталық Азия үшін негізгі сын-қатерлер қатарында денсаулық жағдайындағы теңсіздікті, ана мен бала өлімін, жүрек-қан тамырлары және басқа да инфекциялық емес ауруларды, туберкулезді, АИТВ-ны, сондай-ақ психикалық денсаулық мәселелерін атап өтті. Бұл мәселелерді шешудің негізгі бағыттарының бірі — алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту, аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау.
Сұхбат барысында ғылыми тәуелсіздік, ашықтық және сенім мәселелері де жеке қарастырылды. COVID-19 пандемиясының тәжірибесі қоғаммен түсінікті тілде сөйлесудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Дәлелденген ғылыми фактілермен қатар, әлі де белгісіз немесе толық зерттелмеген мәселелер туралы ашық айту, сондай-ақ жаңа деректер пайда болған кезде ұсынымдарды уақтылы жаңартып отыру маңызды.
Денсаулық сақтаудың болашағы туралы айта келе, Ханс Клюге дәрігерлердің, мейіргерлердің және денсаулық сақтау саласындағы басқа да мамандардың жаңа буынына ерекше рөл жүктелетінін атап өтті. Дәлелді деректерге сүйене отырып жұмыс істей алатын, денсаулықты кең әлеуметтік контексте қарастыратын және қоғаммен тиімді қарым-қатынас орната алатын кәсіби кадрларды даярлау денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі болып қала береді.
Сұхбатта қазіргі қоғамдық денсаулық сақтау мен мамандар даярлаудың негізгі басымдықтарына тікелей қатысты мәселелер қозғалды. Олардың қатарында аурулардың алдын алу, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайту, дәлелді саясатты дамыту, сектораралық өзара іс-қимыл және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін қалыптастыру бар.