“ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университетінде «Жаһандық денсаулық сақтаудың ғылыми көкжиектері: жас ғалымдардың көзқарасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара денсаулық сақтау саласындағы жас зерттеушілерді, оқытушылар мен мамандарды біріктіріп, әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің заманауи сын-қатерлері мен даму перспективаларын талқылауға арналды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жаһандық климаттық, технологиялық және эпидемиологиялық өзгерістер жағдайында денсаулық сақтау жүйелерін трансформациялау, сондай-ақ медициналық жүйелердің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді іздеу болып табылды.
Талқылау барысында қатысушылар келесідей негізгі бағыттарды қарастырды:
— климаттық өзгерістердің қоғамдық денсаулыққа әсері;
— медицинадағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту;
— денсаулық сақтау жүйелерінің эпидемиологиялық қауіптерге дайындығы;
— ғылыми негізделген шешімдерді қалыптастырудағы жас ғалымдардың рөлі;
— жаһандық денсаулық сақтау саласындағы пәнаралық ынтымақтастық.
Ғылыми зерттеулерді практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізу, диагностика, профилактика және медициналық үдерістерді басқарудағы инновациялық тәсілдерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстел жас мамандар мен сарапшылар қауымдастығы арасында тәжірибе алмасуға, ғылыми идеялармен бөлісуге және кәсіби диалогты нығайтуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға және денсаулық сақтау саласындағы заманауи жаһандық сын-қатерлерге жауап бере алатын жаңа буын мамандарды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Share