
Алматыда, 2026 жылғы 31 наурызда — «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті Алматы қаласының Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы базасында өткен «Медициналық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту: Алматы – Тюрингия» атты халықаралық дөңгелек үстелге белсенді қатысты.
Іс-шараға Германияның Тюрингия федералдық жерінің делегациясы, медициналық және ғылыми қауымдастық өкілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы бейінді ұйымдар қатысты. Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, инновациялық медициналық технологияларды енгізу және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Университет атынан дөңгелек үстел жұмысына клиникалық қызмет жөніндегі проректор Джумабеков Ауесхан Тулегенұлы қатысты. Кездесу барысында ол Университеттің заманауи клиникалық тәжірибелерді интеграциялау мәселелері бойынша ұстанымын таныстырып, халықаралық ұйымдармен серіктестік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында ауруларды ерте диагностикалау және алдын алу мәселелеріне, оның ішінде инновациялық технологияларды қолдана отырып онкологиялық скрининг жүргізудің заманауи тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің халықаралық диалог алаңдарына қатысуы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуге, медициналық білім беру сапасын арттыруға және клиникалық тәжірибеге озық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға өзара қызығушылықтарын білдірді.
