Skip to main content
search

Алматыда ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Конституция жобасындағы денсаулық сақтау мәселелері бойынша түсіндірме берді

2026 жылғы 27 ақпанда Алматы қаласында “ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университеті базасында өткен ғылыми-практикалық конференция аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында денсаулық сақтау мәселелерінің көрініс табуы жөнінде баяндамасымен сөз сөйледі.

Өз сөзінде спикер Конституция жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығына кепілдік берілетінін атап өтті. Бұл құқық заңнамада белгіленген тәртіппен медициналық көмек алу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекеттің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі сақталатыны және азаматтардың құқықтары шектелмейтіні ерекше айтылды.

Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселесіне де айрықша назар аударылды. Мемлекеттік бюджеттен бөлек, жобада азаматтар төлемейтін медициналық көмекті қаржыландыруға қайырымдылық және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ ірі ұлттық компаниялардың қатысуы қарастырылған. Вице-министрдің айтуынша, бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Баяндамада азаматтардың денсаулығын қорғау ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылатыны да айтылды. Атап айтқанда, діни ұйымдардың қызметі халық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жағдайларда, соның ішінде діни наным-сенімдерге байланысты вакцинациядан немесе медициналық араласудан бас тарту кезінде шектеу қою нормалары көзделген.

Сонымен қатар сөз бостандығы мен ақпарат тарату азаматтардың денсаулығына, адамгершілікке және қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеуі тиіс екені атап өтілді. Мемлекет азаматтардың жеке өміріне қатысты ақпарат пен дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Конституция жобасында неке институты ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітіледі, сондай-ақ кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндеті айқындалады. Бұл ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Негізгі заңның басым бағыттарының қатарында білім мен ғылым, оның ішінде медицина саласы, мемлекеттің орнықты дамуының іргетасы және адами капиталды дамытудың негізгі тетігі ретінде айқындалған.

Сөз соңында Конституция жобасы азаматтардың құқықтарын конституциялық тұрғыдан нығайтуға, халық денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге және елдің барлық даму салаларының тұрақтылығын арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Close Menu