

2026 жылғы 6 сәуірде “ҚДСЖМ” ҚМУ-да Ғылым күні аясында «Халықаралық ғылыми журналдарды таңдау және мақалаларды жариялау» тақырыбында воркшоп өтті.
Іс-шараның мақсаты – жас ғалымдар мен зерттеушілердің халықаралық ғылыми журналдарды таңдау, сапалы ғылыми мақалалар дайындау және жариялау үдерісінің талаптарын түсіну бойынша құзыреттерін арттыру болды.
Дәрісті Кенжина Инеш Ергазиевна — PhD, қауымдастырылған профессор, Clarivate компаниясының ТМД елдеріндегі ресми өкілі, ғылымметрия саласының маманы, ядролық-энергетикалық қондырғыларға арналған құрылымдық және функционалдық материалдарды зерттеуші жүргізді.
Воркшоп барысында қатысушыларға Scopus және Web of Science халықаралық деректер базаларына кіретін журналдарды іріктеу критерийлері таныстырылып, импакт-фактор мен квартиль көрсеткіштерін бағалау жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, жосықсыз (predatory) басылымдарды анықтау бойынша ұсыныстар берілді.
Спикер ғылыми мақаланың құрылымы (IMRAD форматы), академиялық жазу ерекшеліктері, түйіндеме мен кілт сөздерді дұрыс құрастыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ мақаланы журналға ұсыну, рецензиялау үдерісі, редакциямен жұмыс істеу және түзетулер енгізу тәртібі қарастырылды.
Воркшоп аясында қатысушылар тәжірибелік кеңестер алып, өз сұрақтарына жауап алды, сондай-ақ ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыруға арналған құралдармен танысты. Іс-шара қазақстандық ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға және халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялануына ықпал етті.
