





Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» ұжымы оқу орнының аумағында күзгі тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасына қолдау білдірді.
Алдағы күндері жаңбыр мен қар жаууы мүмкін деген ауа райы болжамын ескере отырып, университет қызметкерлері түскі үзіліс уақытында бір кісідей жұмылып, аумақты күзгі жапырақтардан тазартуға шықты.
Сенбілік барысында университет ауласындағы сарғайған жапырақтар жиналып, айнала ретке келтірілді. Әртүрлі құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері ортақ іске белсенді атсалысып, ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.
Бұл бастама ұжымның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін, тазалыққа деген жанашырлығын және ортақ іске жұмыла кірісуге дайын екендігін көрсетті.
Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, тазалық мәдениетін қалыптастыру әр адамның өзінен және өзі еңбек ететін ортадан басталатынын атап өтеді.
Университет ұжымы үшін мұндай шаралар тек аумақты тазарту ғана емес, сонымен қатар қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызды көрінісі болып табылады.
Тазалық – ортақ жауапкершілік, ал таза орта – баршамызға ортақ құндылық!
