Шарапат Мойынбаева «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды!
«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің Ғылым және консалтинг департаментінің директоры Шарапат Марқашқызы Мойынбаева «Ғылым» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.
Биыл беделді мемлекеттік сыйлыққа 504 өтінім түсіп, алдын ала іріктеу нәтижесінде оның 429-ы конкурстық комиссияның қарауына ұсынылды. Байқау 10 аталым бойынша өткізіліп, ең көп өтінім «Ғылым» бағытына түсті – 119 үміткер.
Іріктеу екі кезеңнен тұрды. 27–29 қазан аралығында алты секциялық отырыс өткізіліп, конкурстық комиссияның қорытынды отырысында 10 аталым бойынша 20 үміткер анықталды.
Шарапат Марқашқызының бұл жетістігі – оның ғылым саласындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби ізденістерінің жоғары бағалануы және университетіміз үшін зор мақтаныш.
Айта кетейік, 1992 жылы тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет және спорт салаларында елеулі жетістіктерге жеткен талантты жастарға беріледі.
Шарапат Марқашқызын мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Ғылыми қызметіне табыс, жаңа жетістіктер мен толағай белестер тілейміз!




