ҚДСЖМ әлеуметтік қорғау, оңалту және инклюзия мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысты
Алматы, 23 қазан 2026 жыл. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту, ғылыми негізделген оңалту тәсілдерін жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу және салааралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ауқымды іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, медициналық мекемелердің және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдік сарапшылар қатысты.
Конференция жұмысына Қазақстандық медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің» (ҚДСЖМ) ректоры, PhD, профессор Ардақ Мұханбетжанқызы Әуезова бастаған университет өкілдері қатысты.
Конференцияның салтанатты ашылуында университет ректоры Ардақ Әуезова құттықтау сөз сөйлеп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруда денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру және ғылым салалары арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
Жиын барысында әлеуметтік саясаттағы ғылыми дәлелдерге негізделген тәсілдер, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру, заманауи оңалту технологияларын енгізу, инклюзивті білім беруді дамыту және білікті мамандар даярлау мәселелері кеңінен қарастырылды.
ҚДСЖМ өкілдері конференцияның ғылыми бағдарламасына белсенді қатысып, өз зерттеулерін таныстырды.
Атап айтқанда, «Әлеуметтік оңалту мен инклюзияны ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеу» секциясында университет докторанты Мерекеш Дихан және ҚДСЖМ-нің академиялық және ғылыми қызмет жөніндегі проректоры Индира Қазбекқызы Төлебаева «Оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілуі медициналық және әлеуметтік инклюзия факторы ретінде» тақырыбында ғылыми баяндама ұсынды.
Баяндамада көтерілген тақырып мүмкіндігі шектеулі азаматтардың оңалту құралдарына қолжетімділігін арттыру, медициналық және әлеуметтік қызметтердің тиімділігін жетілдіру, сондай-ақ инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы маңызды ғылыми мәселелерді қамтиды.
Конференция жұмысы төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды:
Ғылыми зерттеулер және дәлелді әлеуметтік саясат;
Әлеуметтік оңалту мен инклюзияны ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеу;
Инновациялар, оңалтудың техникалық құралдары және ассистивті технологиялар;
Әлеуметтік саланың кадрлық әлеуеті: мамандар даярлау, біліктілікті арттыру және кәсіби құзыреттер.
Конференция аясында қатысушылар халықаралық тәжірибе алмасып, әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіруге бағытталған ғылыми және практикалық мәселелерді талқылады.
Іс-шара бағдарламасында серіктес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою және Алматы декларациясын қабылдау да қарастырылды.
ҚДСЖМ-нің халықаралық деңгейдегі ғылыми іс-шараларға қатысуы университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға, халықаралық және салааралық әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмысының бір көрінісі болып табылады.
Қазақстандық медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» алдағы уақытта да ғылыми жаңашылдықтарды қолдауға, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлес қосуға және қоғам игілігі үшін білікті мамандар даярлауға басымдық береді.








