
Springer Publishing Company баспасынан «Health and Healthcare Systems: A Global View» («Денсаулық және денсаулық сақтау жүйелері: жаһандық көзқарас») атты халықаралық монография жарық көрді.
Басылым әлемнің түрлі елдері мен өңірлеріндегі денсаулық сақтау жүйелерін салыстырмалы талдауға арналған. Монографияда денсаулық сақтау жүйелерінің құрылымы мен қаржыландырылуы, медициналық көмектің қолжетімділігі мен әділдігі, экономикалық, географиялық, тарихи және мәдени факторлардың ықпалы, сондай-ақ медициналық қызмет көрсетуді жетілдірудің заманауи тәсілдері қарастырылған. Кітапта әлемнің 13 өңіріндегі денсаулық сақтау жүйелеріне талдау жасалған. Басылым қоғамдық денсаулық сақтау, денсаулық сақтау саясаты және басқару саласындағы халықаралық сарапшылар ұжымының қатысуымен дайындалған.
Монографияның «Kazakhstan» атты жеке тарауы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне арналған. Аталған тарауды дайындауға университетіміздің жас ғалымдары қатысты: Нарымбаева Н.Н.; Мойынбаева Ш.М.; Айтамбаева Н.Н.; Назарова Л.З.; Светланова Ш.М.
Университет қызметкерлерінің халықаралық ғылыми басылымды дайындауға қатысуы — маңызды кәсіби жетістік. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру тәжірибесін жаһандық академиялық кеңістікте таныстыруға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған жұмыс университеттің жас ғалымдарының жоғары зерттеушілік әлеуетін айқындап, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Авторларды монографияның жарық көруімен құттықтаймыз! Оларға жаңа ғылыми жетістіктер, табысты зерттеулер және болашағы зор халықаралық жобалардың жүзеге асырылуын тілейміз!
Монография туралы толық ақпарат Springer Publishing Company баспасының ресми сайтында ұсынылған.
