«Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университетінің магистранттары мен докторанттарына дипломдар салтанатты түрде табысталды
Бүгін «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университетінің магистратура және докторантура түлектеріне диплом табыстау рәсімі ерекше салтанатпен өтті. Бұл күн – көптеген жылдарға созылған табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің және ғылыми жетістіктердің заңды қорытындысы болған айтулы мереке ретінде есте қалды.
Салтанатты іс-шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, құрметті қонақтар, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты. Шара университет жетістіктері туралы бейнероликтен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Түлектерді құттықтап, ізгі тілектерін білдірген университеттің клиникалық қызмет жөніндегі проректоры, медицина ғылымдарының докторы Джұмабеков Әуесхан Төлегенұлы және академиялық және ғылыми қызмет жөніндегі проректор, PhD Төлебаева Индира Қазбекқызы жас мамандардың кәсіби жолына сәттілік тілеп, олардың денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Салтанатты рәсім барысында университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, оқу орнының дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар магистранттар Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – олардың біліммен қатар қоғамдық белсенділігі мен көшбасшылық қасиеттеріне берілген жоғары баға болды.
Дипломдар «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Медициналық-профилактикалық іс», «Денсаулық сақтау менеджменті» және «Медицина» білім беру бағдарламалары бойынша магистратура түлектеріне табысталды. Сондай-ақ бүгінгі мерекеде докторантура түлектері де өздерінің көп жылғы ғылыми еңбегінің нәтижесі – дипломдарын салтанатты түрде алды.
Әрбір түлектің сахнаға шығуы көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді. Ұстаздардың ақ батасы, ата-аналардың қуанышы, түлектердің толқынысы мен шынайы қуанышқа толы сәттері бұл күннің ерекше атмосферасын айшықтай түсті.
Мерекелік кештің сәнін талантты өнерпаздардың музыкалық тартулары келтіріп, салтанатқа ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Диплом табыстау рәсімінен кейін дәстүрлі естелік суреттер түсіріліп, түлектер үшін ұмытылмас естелікке айналды.
Бүгінгі түлектер – еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жаңа белеске көтеретін, ғылым мен тәжірибені ұштастыра алатын білікті мамандар. Университет қабырғасында алған сапалы білімдері мен жинаған тәжірибесі олардың кәсіби қызметінде берік негіз боларына сенім мол.
«Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университеті барлық магистранттар мен докторанттарды маңызды белеспен шын жүректен құттықтайды!
Ақ жол, жас мамандар!
Ел денсаулығын нығайту жолындағы жауапты қызметтеріңізге толағай табыс, ғылыми ізденістеріңізге жаңа жетістіктер, кәсіби жолдарыңызға сәттілік пен биік белестер тілейміз!







