Қорғау барысында тыңдаушылар өз медициналық ұйымдарындағы басқару және ұйымдастыру саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған практикалық жобаларын ұсынды. Ұсынылған жұмыстар денсаулық сақтау жүйесіндегі нақты басқарушылық сын-қатерлерді көрсетіп, алынған білімді тәжірибеде қолдану қабілетін дәлелдеді.
Жобаларда саланың негізгі мәселелеріне ерекше назар аударылды:
өңірлердегі медициналық кадрлар тапшылығы;
қаржыландырудың жеткіліксіздігі және оны тиімді бөлудің мәселелері;
анестезиология және реанимация қызметін ұйымдастыру;
стационарлық және амбулаториялық көмектің жеткіліксіз интеграциясы;
медициналық ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі мен цифрландыру мәселелері .
Ұсынылған жобалар қолданбалы сипатқа ие болып, нақты басқарушылық шешімдерді әзірлеуге бағытталды, оның ішінде процестерді оңтайландыру, ресурстарды тиімді пайдалану және медициналық көмектің сапасын арттыру.
«Денсаулық сақтау менеджменті» сертификациялық курсы медициналық ұйымдарды басқару саласындағы кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған. Бағдарлама талдау, жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде персонал мен ресурстарды тиімді басқаруға үйретеді.
Бағдарлама аясында тыңдаушылар денсаулық сақтаудағы менеджменттің заманауи тәсілдерін меңгеріп, стратегиялық және операциялық басқару құралдарын игерді, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау және талдау дағдыларын қалыптастырды. Оқу барысында бастапқы білім мен құзыреттерді бағалау жүргізілді.
Бағдарлама мазмұны қолданыстағы біліктілік талаптарына, кәсіби стандарттарға және қосымша білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес әзірленген.
Жобаларды қорғау тыңдаушылардың жоғары дайындық деңгейін, олардың практикалық бағыттылығын және денсаулық сақтау жүйесіне тиімді басқарушылық шешімдерді енгізуге дайын екенін көрсетті.



