Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ»-де «Ақ халатқа бастар жол» атты салтанатты іс-шара өтті: жаңа спортзал ашылып, студенттер Гиппократ антын қабылдады













2026 жылғы 13 қарашада Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ»-де «Ақ халатқа бастар жол» атты салтанатты іс-шара өтті. Ауқымды мерекелік бағдарлама аясында жаңа спортзалдың ашылу рәсімі, KSPH медициналық колледжі студенттерін болашақ медицина мамандығына салтанатты қабылдау, Гиппократ антын беру және атаулы білім гранттары мен стипендияларды табыстау рәсімі ұйымдастырылды.
Бұл күн университет тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып, білім беру инфрақұрылымын дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және медициналық білім берудің ізгі дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған игі бастамалардың көрінісіне айналды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, «Дәстүр» шоу-балетінің ұлттық нақыштағы қазақ биімен жалғасты.
Іс-шара барысында Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» ректоры, философия докторы (PhD) Ауезова Ардак Муханбетжановна құттықтау сөз сөйлеп, студенттерге ізгі тілегін білдірді.
Ректор өз сөзінде сапалы медициналық білім берудің, болашақ мамандардың кәсіби жауапкершілігін қалыптастырудың, адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің және студенттердің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Дарынды жастарға қолдау: атаулы гранттар мен стипендиялар табысталды
Салтанатты іс-шараның маңызды кезеңдерінің бірі — оқу үлгерімімен, білімге деген құштарлығымен және кәсіби дамуға ұмтылысымен ерекшеленген білім алушыларды марапаттау рәсімі болды.
2026–2027 оқу жылына арналған атаулы білім гранттары мен стипендиялардың иегерлері анықталып, бес білім алушы салтанатты түрде марапатталды.
Атаулы грант иегерлері:
- Есенова Асима Айтмаханбетқызы — Джо Эйрик Асвалл атындағы грант иегері, 7М10106 «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасының ғылыми-педагогикалық магистратура білім алушысы.
- Нұрман Гүлбақыт Мұратқызы — Куралбаев Бекмахан Сыбанбаевич атындағы грант иегері, 7М10106 «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасының ғылыми-педагогикалық магистратура білім алушысы.
10 ай мерзімге тағайындалған атаулы стипендия иегерлері:
- Әбимолда Динара Қаракүшікқызы — Есенжанов Мусреп атындағы стипендия иегері, «Офтальмология» білім беру бағдарламасының резиденті.
- Қали Санжар Абылайұлы — Ахметов Исай Шаяхметович атындағы стипендия иегері, медициналық колледждің «Емдеу ісі» мамандығының студенті.
- Сәкен Іңкәр Азаматқызы — Машкеев Аукен Киясович атындағы стипендия иегері, медициналық колледждің «Емдеу ісі» мамандығының студенті.
Аталған бастама білім алушылардың академиялық жетістіктерін қолдауға, ғылыми әлеуетін арттыруға және болашақ медицина мамандарының кәсіби дамуына ынталандыруға бағытталған.
Жаңа спортзалдың ашылуы — студенттер денсаулығына жасалған маңызды қадам
Мерекелік бағдарламаның ерекше сәттерінің бірі — жаңа спортзалдың салтанатты ашылу рәсімі болды.
Университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен студенттердің қатысуымен жаңа спортзалдың рәміздік таспасы қиылды.
Жаңа спорт нысанының ашылуы білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және студенттердің дене тәрбиесімен айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болды.
Спортзал студенттердің денсаулығын нығайтуға, спорттық қабілеттерін дамытуға, командалық рухын қалыптастыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Болашақ медицина қызметкерлері үшін дене белсенділігі мен денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ерекше маңызға ие. Өйткені медицина маманы тек өзгелердің денсаулығын қорғап қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануда қоғамға үлгі болуы тиіс.
Болашақ медицина мамандарының кәсіби жолындағы алғашқы қадамы
Іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі KSPH медициналық колледжі студенттерін болашақ медицина мамандығына салтанатты қабылдау рәсімі болды.
Колледж директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Сарсенбаева Майра Заманбековна студенттерді айтулы күнмен құттықтап, олардың оқу жолына сәттілік, кәсіби өсу мен таңдаған мамандығына адалдық тіледі.
Салтанатты жиын барысында колледжде қалыптасқан игі дәстүрге сәйкес, алғашқы үш айдағы оқу көрсеткіштері бойынша үздік нәтиже көрсеткен ЕМиЛаб 26-9-1К тобының студенті Норбутаева Дианаға студенттік билет табысталды.
Мерекенің ең әсерлі әрі жауапты сәті — студенттердің Гиппократ антын салтанатты түрде қабылдауы болды.
Болашақ медицина мамандары адам өмірін қорғауға, халық денсаулығын сақтауға, науқастарға жанашырлық танытуға, кәсіби этика қағидаларын ұстануға және медицина мамандығының абыройын асқақтатуға салтанатты түрде ант берді.
Гиппократ анты — медицина саласындағы адамгершілік, адалдық, мейірімділік пен кәсіби жауапкершіліктің тарихи символы.
Бір ауыздан «Ант етемін!» деп серт берген студенттер үшін бұл сәт болашақ кәсіби өміріндегі ұмытылмас маңызды кезеңдердің біріне айналды.
Бұл рәсім жас талапкерлерге ақ халаттың тек мамандық белгісі ғана емес, үлкен сенім мен жауапкершіліктің нышаны екенін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Мерекелік бағдарлама және ұжымдық бірлік
Салтанатты іс-шара мазмұнды мәдени бағдарламамен жалғасты.
Көрермендер назарына «Дәстүр» шоу-балетінің қазақ, ретро және үнді билері ұсынылды. Сонымен қатар Гүлнар Оралбек «Күйім» әнін орындап, KSPH медициналық колледжінің студенттері «16 қыз» әніне арнайы дайындаған биін көпшілікке тарту етті.
Өнерпаздардың жарқын өнері мерекелік кештің сәнін келтіріп, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
«Ақ халатқа бастар жол» салтанатты іс-шарасы Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ»-нің білім беру сапасын арттыруға, дарынды жастарды қолдауға, студенттердің рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды.
Университет алдағы уақытта да білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасап, медициналық білім берудің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, денсаулық сақтау саласына білікті, жауапты әрі өз ісіне адал мамандар даярлау жолындағы жұмысын жалғастыра береді.
