
Алматыда «Медицина – қоғам игілігі үшін» атты еріктілер акциясы өтеді: қала тұрғындары профессорлар мен доценттерден тегін кеңес ала алады
2026 жылғы 17 қарашада Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» Алматы қаласындағы №37 қалалық емханамен бірлесіп, халыққа білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатында «Медицина – қоғам игілігі үшін» атты еріктілер акциясын өткізеді.
Аталған әлеуметтік маңызы бар іс-шара аясында Алматы қаласының тұрғындары Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ»-нің профессор-оқытушылар құрамындағы тәжірибелі мамандардан, оның ішінде профессорлар мен доценттерден тегін медициналық кеңес алу мүмкіндігіне ие болады.
Акцияның басты мақсаты – халыққа білікті медициналық кеңес беру, аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, ерте диагностиканың маңыздылығын түсіндіру және тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру.
Акция барысында 12 медициналық бағыт бойынша тегін кеңес беріледі:
- Гастроэнтерология
- Кардиология
- Дерматовенерология
- Неврология
- Терапия
- Ревматология
- Ересектер онкологиясы
- Эндокринология
- Жалпы хирургия
- Урология және андрология
- Офтальмология
- Оториноларингология (ЛОР)
Мұндай игі бастамалар медицина саласындағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, білім беру ұйымдары мен практикалық денсаулық сақтау мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ тұрғындардың сапалы медициналық кеңес алуына жағдай жасауға бағытталған.
Әсіресе созылмалы аурулардың алдын алу, денсаулыққа қатысты қауіп факторларын дер кезінде анықтау және медициналық мамандарға уақытылы жүгіну мәселелерінде мұндай акциялардың маңызы зор.
Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» жоғары білікті медицина мамандарын даярлаумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамдық денсаулықты сақтауға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі.
«Медицина – қоғам игілігі үшін» еріктілер акциясы университеттің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп қана қоймай, медициналық білім мен кәсіби тәжірибені халық игілігіне бағыттаудың жарқын үлгісі болмақ.
Іс-шара туралы ақпарат
Өтетін күні: 2026 жылғы 17 қараша
Уақыты: 14:00–17:00
Өтетін орны: Алматы қаласындағы №37 қалалық емхана
Мекенжайы: Алматы қаласы, Розыбакиев көшесі, 181а
Қатысу: тегін.
Қазақстандық медицина университеті «ҚДСЖМ» Алматы қаласының барлық тұрғындарын білікті медицина мамандарынан тегін кеңес алу мүмкіндігін пайдалануға шақырады.
Денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық! Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың амандығына бүгіннен бастап көңіл бөліңіз!
