«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің резиденттері мен докторанттары Қытайдың Сиань қаласында халықаралық тағылымдамадан өтуде
2026 жылғы шілде айында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің резиденттері мен докторанттары Қытай Халық Республикасындағы Сиань Цзяотун университетінің Бірінші аффилирленген ауруханасында халықаралық тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдама бағдарламасы білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, диагностика мен емдеудің заманауи технологияларымен танысуға, сондай-ақ Қытайдың жетекші университеттік клиникаларының біріндегі медициналық көмекті ұйымдастыру және ғылыми-зерттеу қызметінің озық тәжірибесін зерделеуге бағытталған.
Тағылымдама барысында қатысушылар клиникалық бөлімшелердің жұмысымен танысады, дәрістер мен ғылыми-білім беру семинарларына қатысады, инновациялық емдеу әдістерін және медициналық ұйымды басқару тәжірибесін меңгереді, сондай-ақ қытайлық дәрігерлермен, ғалымдармен және оқытушылармен тәжірибе алмасады.
Халықаралық академиялық ұтқырлық жоғары білікті медицина мамандарын даярлаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол практикалық дағдыларды дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті мен Сиань Цзяотун университеті арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға ықпал етеді.
«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті білім алушыларға әлемнің жетекші білім беру және медициналық орталықтарында білім алып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бере отырып, халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуды жалғастыруда.






