2026 жылдың 8 сәуірінде Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасы жас зерттеушілерге арналған «Магистранттар мен PhD докторанттардың ғылыми әлеуетін арттыру» атты семинар-тренинг ұйымдастырды. Іс-шараның басты ерекшелігі – тек теория емес, нақты практикалық құралдарға басымдық беру болды. Диссертация талаптарынан бастап «Жас Ғалым» гранттарына және медициналық зерттеулерде іріктеме көлемін есептеуге дейінгі мәліметтер қамтылды
Спикерлер ретінде қоғамдық денсаулық сақтау және ғылыми зерттеулер саласындағы жетекші мамандар сөз сөйлеп, өздерінің тәжірибелерімен және өзекті ұсыныстарымен бөлісті.
Академиялық және ғылыми қызмет жөніндегі проректор, PhD И.К. Тулебаева диссертацияны талқылау кезеңдерін, рәсімдеу стандарттары мен қорғау талаптарын жан-жақты түсіндірді. Негізгі ой: диссертация – бұл жай құжат емес, зерттеу логикасы.
PhD, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Денсаулық ғылыми-зерттеу институтының директоры Н.Е. Глушкова Public Health & Medicine саласындағы журналдарды қалай дұрыс таңдау керектігін, сапалы басылымдарда жариялану жолдарын және жыртқыш журналдардан қалай сақтану қажет екенін баяндады.
PhD, доцент, «Астана медицина университеті» А.А. Кусаинова «Жас Ғалым» бағдарламасы бойынша грант ұтып алудың практикалық тәжірибесімен бөлісіп, өтінім дайындаудың негізгі аспектілерін түсіндірді. Сондай-ақ жиі жіберілетін қателер талданып, қаржыландыру алу мүмкіндігін арттыратын тиімді тұжырымдар ұсынылды.
Ғылыми қызметкер, м.ғ.м. К.М. Шаикова NLM Catalog арқылы ғылыми журналдардың индекстелуін тексеру алгоритмдерін, сондай-ақ олардың Web of Science және Scopus базаларында бар-жоғын верификациялау тәсілдерін көрсетті. Наукометрия негіздерін меңгеру жарияланымдық белсенділікті жоспарлаудағы тәуекелдерді азайтудың маңызды факторы екені атап өтілді.
Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасының аға оқытушысы Сактапов А.К. іріктеме көлемін және статистикалық қуатты есептеудің негізгі құралдарын ұсынып, зерттеу нәтижелерінің сенімділігін қамтамасыз ету және жоспарлау кезінде жиі кездесетін қателердің алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Іс-шара барысында қатысушылар ғылыми қызметтің негізгі бағыттары бойынша құнды білім алды. Қатысушылар семинардың тек теориялық білім беріп қана қоймай, диссертация рәсімдеу, гранттық қаржыландыруды іздеу, сенімді журналды таңдау және іріктеме көлемін дұрыс есептеу бойынша нақты әрекет алгоритмдерін ұсынғанын атап өтті.
Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасы барлық спикерлер мен қатысушыларға белсенді қатысқандары және ғылыми әлеуетті дамытуға қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдіреді!

Share