

Шымкент «Саламатты қалалар» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық желісіне қосылу процесін жалғастыруда.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ДДҰ және қала басшылығы өкілдерінің қатысуымен өткен бірқатар кездесулер мен жұмыс кеңестерінің шеңберінде жобаға қосылғаннан кейін қала алдында ашылатын перспективалар талқыланды. Осылайша, бұл денсаулық сақтау, экология, қалалық инфрақұрылым және әлеуметтік саясат саласындағы үздік практикаларды енгізуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала әкімінің орынбасары Қуаныш Асылов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік офисының басшысы Скендер Сыламен кездесті.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшылармен ынтымақтастықты нығайту және өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.
«Саламатты қалалар» жобасы халықтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қолайлы тұрақты қалалық ортаны құруға бағытталған. Оның тұжырымдамасына сәйкес әртүрлі ведомстволардың — денсаулық сақтау, полиция, экологиялық және санитариялық бақылау, коммуналдық қызметтер және басқалардың күш-жігерін біріктіру көзделеді.
Негізгі міндеттердің қатарына қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету, медициналық қызметтерге тең қолжетімділік, дене белсенділігі үшін инфрақұрылымды дамыту және қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету жатады.
Қазіргі уақытта Шымкентте денсаулық сақтау саласын дамыту басымдықтарына сәйкес келетін шаралар іске асырылуда.
Қала басшылығының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен соңғы кездесуі шеңберінде Шымкентте бірқатар Еуропа елдері өкілдерінің қатысуымен ДДҰ тақырыптық форумын өткізу жоспарлары, сондай-ақ бұқаралық спортты насихаттау және саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында марафон ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланғанын айта кеткен жөн. Жаңалықтарымызды біздің сайттан https://ksph.edu.kz/ және Mediclub телеграм-арнасынан қадағалаңыз.