2019 жылдың 29 қарашасында «ҚДСЖМ» ҚМУ Қазақстандық медицина университетінің магистранттары мен докторанттарының қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараны университет ректоры Ауезова Ардақ Мұханбетжанқызы құттықтау сөзбен ашып, барлық білім алушыларды «ҚДСЖМ» ҚМУ қабырғасында ғылыми және зерттеу жұмыстарының басталуымен құттықтады.

Сонымен қатар, магистранттар мен докторанттарды қабылдау рәсіміне «ҚДСЖМ» қазақстандық медицина университетінің негізін қалаушы және бірінші ректоры Құлжанов Мақсұт Кәрімұлы қатысты. Университет магистранттары мен докторанттары алдында сөз сөйлеген Мақсұт Кәрімұлы «ҚДСЖМ» ҚМУ қабырғасында алған білім табысты мансабының кепілі және елдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосу мүмкіндігі болуы тиіс екенін атап өтті.

Университет түлегі, Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі Надыров Камалжан Талғатұлы видео арқылы сөз сөйледі. Вице-министр магистранттар мен докторанттарды «ҚДСЖМ» ҚМУ-ға оқуға түсуімен құттықтап, «ҚДСЖМ» ҚМУ түлегі атағын иеленген әрбір білім алушыға жүктелетін жауапкершілік туралы еске салды.
Биылғы жылы магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша «ҚДСЖМ» ҚМУ оқуға 47 адам түсті.
Университет түлектері Үкіметте, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде және жергілікті атқарушы органдарда, МҰ, ҒО, ҚР ҒЗИ басшылық қызметтер атқарады.





Next