Алматы қаласында 2019ж. 4-6 ақпан аралығында Малайзияның халықаралық медициналық университеті (International Medical University “IMU”) PhD профессоры, IMU академиялық проректоры, Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық пікір-сайыс бойынша кеңесшісі Vishna Devi Nadaraja және PhD докторы, медицина факультеті деканының орынбасары, фармакология профессоры және Малайзиялық біліктілік агенттігіның (MQA) медициналық бағдарламаларды аккредиттеу бойынша топ мүшесі Azizi Ayob қатысуымен «Заманауи медициналық білім беру саласындағы сапа, үздіксіз жетілдіру және бенчмаркинг»тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Семинарды салтанатты түрде Денсаулық сақтау Вице-министрі О.Абишев, «ҚДСЖМ» ҚМУ Ректоры Ауэзова А.М. және ҰМУ Ректоры Нургожин Т.С. ашты. Семинар жұмысына Малайзия мен Қазақстанның медициналық білім беру сапасы саласындағы жетекші сарапшылары, медициналық ЖОО декандары, проректорлары, оқытушылары қатысты.
Семинарға қатысушылар медициналық қызмет көрсету сапасына, медициналық көмекке қанағаттанушылыққа, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейіне байланысты медициналық білім беру саласын жетілдіру мәселелерін талқылады. ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Олжас Әбішев семинар малайзиялық мамандармен тығыз әріптестікте болашақ дәрігерлерді оқытудың ең үздік бағдарламасын таңдауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. «Біздің дәрігерлер тек Қазақстан аумағында ғана емес, сондай-ақ Еуропалық Одақ елдерінде де бәсекеге қабілетті болуы үшін, біз бұған дейін ұстанған ескірген стандарттардан еуропалық стандартқа ауысқымыз келеді», – деп атап өтті О. Әбішев.
Денсаулық сақтау мамандарының құзыреттілік мәселелеріне арналған тақырыптар қызу пікірталас тудырды. Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының директоры В. И. Ахметов, «Тәуелсіз емтихан ұлттық орталығы» РҚБ басшысы Г. Т. Жангереева, Dainius Pavalkis ҰМУ провосты және т. б. тақырыптарға баяндама жасады.
Семинардың екінші және үшінші күні интерактивті форматта өтті. Тыңдаушылар ми шабуылына, пікірталасқа, фокус топтары мен мастер-класс жұмысына қатысты. Семинар барысында халықаралық мамандар қазіргі заманғы білім беру саласының өзекті мәселелеріне – сапа философиясына, оқытушының рөлі мен құзыреттілігіне, бағалау әдістеріне және т. б. назар аударды.
Қосымша, спикерлер жеке кеңестер мен кездесулер шеңберінде, фокус-топтарда жұмыс істеу кезінде медициналық жоғары оқу орындарында сапаны қолдау мәселелерінде әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетті.
Previous