2023 жылдың 3-5 ақпан аралығында Түркияның Анкара қаласында «Gevher Nesibe» атындағы медицина ғылымдары бойынша Х Халықаралық конференция өтті. Конференцияға «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» докторанты мен «Медициналық-профилактикалық іс» және «Медицина» магистранттары онлайн режимінде қатысып, ағылшын тілінде қазіргі кездегі денсаулық сақтау саласындағы өзекті тақырыптарды талдады.
«Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша докторантураның 2-курсында білім алушы Лактионова Мария Владимировна “Жыныс мүшелерінің пролапсын хирургиялық емдеуден кейін covid-19 пандемиясы кезінде онлайн бақылауды қолдану тәжірибесі” тақырыбында, «Медицина» мамандығының бейіндік бағытында оқитын магистрант Нуркина Динара Алматовна “Алматы қалалық кардиологиялық орталығына жүректің ишемиялық ауруының жіті нысандары бар жас пациенттерді жатқызу жиілігінің динамикасын талдау” бойынша тақырыпты қозғады.
Аталған жұмыстарға ғылыми жетекшілік еткен «Қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының профессоры, м.ғ.к. Баймуратова Майраш Аушатовна.
«Қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы, м.ғ.к. Сарсенбаева Майра Заманбековнаның ғылыми жетекшілігімен «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығының магистранттарының конференцияда ұсынылған тақырыптары Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы өзекті жұқпалы аурулары (гепатит, туберкулез, бруцеллез) анықталуы, алдын алуына бағытталды. Мәселен, 2-курс магистранты Әбу Нұргүл “2017-2018 жылдардағы В гепатиті” туралы айтса, 1-курс магистранттары Әнуарова Ақерке Бахытжанқызы “Өкпе туберкулезімен ауыратын балаларда Сandida тектес саңырауқұлақтардың бөлінуін бақылау” бойынша, ал Раушан Айбек Қарақұлұлы “Қазақстан Республикасының халқы арасында бруцеллез жиілігі” тақырыбында өз ғылыми зерттеу жұмыстарының материалдық ақпараттарымен бөлісті.
Конференцияда қазіргі таңдағы медицина саласындағы жаңалықтар мен жаңа статистикалар көрсетілді. «ZOOM» әлеуметтік желісі арқылы «Қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы: Рыскулова Алма-Гуль Рахимовна, Баймуратова Майраш Аушатовна, Сарсенбаева Майра Заманбековна осы шараға қатынасты.
Шара барысында қатысушылар қазіргі таңдағы әлем медицинасындағы жаңалықтармен бөлісіп, докторант-магистранттар ғылыми жұмыс жазу тәжірибесін молайтты.



