Нәрестенің өмірге келіп, дүние есігін ашуы әр отбасында үлкен ғажайып, қуаныш! Өкінішке орай кей нәрестелер мерзіміне жетпей туылып қалады.
17 қараша – Халықаралық мерзіміне жетпей туылған нәрестелер күні жыл сайын бүкіл әлемде атап өтіледі. Мақсаты: мерзімінен бұрын босану туралы ақпараттандыру және шала туылған нәрестелер мен олардың отбасыларының мәселелеріне назар аудару болып табылады. Шала туылған балаларға үйде қандай күтім жасау керек екенін Алматы қалалық №4 перзентханасының неонатолог дәрігері, «Медицина» мамандығы бойынша «ҚДСЖМ» ҚМУ магистранты Мұсабекова Аида Талғатқызы айтып береді.
Мерзімі жетпей туылған нәресте деп гестациялық мерзімі 37 аптаға дейінгі туылған нәрестелерді атаймыз. Көп жағдайда салмағы 2500 гр.ға дейін және бойы 47см ге дейін болады. Тек сырт келбеті ғана емес ішкі ағзалары мен жүйелері де толықтай дамып үлгермейді.
Мерзімі жетпей туылған нәрестенің өзіндік ерекшеліктері болғандықтан мұқият күтімді талап етеді.
Перзентханада неонатолог дәрігерлер мен арнайы мамандандырылған медбикелер болғандықтан, мен үй жағдайындағы күтімге тоқталамын.
- Температураны реттейтін орталығы дамымағандықтан нәресте дене температурасын өздігінен қалыпты жағдайда (36,5-37,5С) ұстай алмайды. Сондықтан бөлме ауасының температурасы 22-25С аралығында болуы керек.
- Бөлмені жиі-жиі желдетіп, ауасын тазартып тұру қажет. Киімі таза мақта матадан 2 қабат (жұқа және сәл қалыңдау) кигіземіз. Жаялықпен қатты орауға болмайды.
- Терісі тым нәзік әрі зақымданғыш келеді. Анасының қолы таза, әрі жылы болуы тиіс. Күнделікті таңертең бетін, көзін, барлық қыртыстарын жылы суға малынған мақтамен сүртіп аламыз. Егер қызарып суланып тұрмаса ешқандай крем жақпайсыз.
- Шомылдыру. Судың температурасы 37С градус болуы қажет. Күнделікті шомылдырамыз. Суды қайнату маңызды емес. Шомылдырып болған соң майлап, сыламаймыз.
- Серуен. Перзентханадан шыққан соң 3 күннен кейін (жаз айы), 7-10 күннен соң (қыс айы) таза ауаға серуендейміз. Алғашқы күні 5-10 минут, күнделікті 10-15 минуттан қосып 1-1,5 сағатқа жеткіземіз.