ХАНС КЛЮГЕ – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюро басшысы “ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университетіне келді.
Ханс Клюге сапары университет бойынша экскурсиялық турдан басталды. “ҚДСЖМ” ҚМУ өкілдері ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры (1985-2000 жж. аралығында) др. Джо Эйрик Асвалл естелігіне ашылған Джо Асвалл атындағы аудиторияны көрсетті. Содан кейін коворкинг кеңістік кітапханасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірегей материалдары бар көрме ұсынылды.
Университет ректоры Б.С. Турдалиева өз сөзінде университеттің соңғы жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары туралы айтып өтті. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюро басшысының арнайы сапар барысында Университет ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жоғары оқу орнына сапарын қорытындылай келе, Ханс Клюге университеттің қоғамдық денсаулық сақтау саласында жоғары білікті кадрлар даярлау бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі мәртебесіне ие екенін ерекше атап өтті. Ашық интерактивті форматта Алматы қаласының медициналық қоғамдастықпен, профессор-оқытушылар құрамымен, университет түлектерімен әңгімелесті.
Кездесу соңында қоғамдық денсаулықты дамытуға және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін, ДДҰ-ның “ҚДСЖМ” ҚМУ құруға, қалыптастыруға және дамытуға қосқан үлесі үшін др. Ханс Клюгеге “ҚДСЖМ” ҚМУ құрметті профессоры атағы берілді. Атақ берілгені туралы диплом мен профессорлық мантияны “ҚДСЖМ” ҚМУ ректоры Б. С. Турдалиева тапсырды.
Іс-шара соңында модератор В.И. Ахметов ДДҰ Еуропалық өңірлік бюро басшысына ДДҰ тарапынан университетке көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Айта кету керек, Ханс Клюге жоғары лауазымдық қонақтармен бірге болды: ДДҰ ЕӨБ кеңесшісі, ДДҰ-ның Болгариядағы өкілі (Скендер Сыла), ДДҰ-ның МСАК бойынша Еуропалық Кеңсесінің Басшысы (Мелитта Якаб), ДДҰ өңірлік директорының Арнайы кеңесшісі (Мишель Казачкин), ДДҰ ЕӨБ-ге қатысушы елдермен стратегиялық байланыстар жөніндегі маман (Бахтыгүл Каррыева).
“ҚДСЖМ” ҚМУ посткеңестік кеңістікте қоғамдық денсаулық сақтау, денсаулық сақтау менеджменті және осы саладағы ғылыми зерттеулер мәселелерінде көшбасшы позициясын сақтаған бірінші жоғары оқу орны болып табылады. Осы жылы “ҚДСЖМ” ҚМУ құрылуының және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасында Келісімге қол қойылуының 25 жылдық мерейтойын атап өтеді.
