Бүгін Шымкент темір жол ауруханасы толық жөндеуден кейін “PARK HEALTH” атты емхананың есігін қайта ашты.
“Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі” Қазақстандық медицина университетінің (ҚДСЖМ) клиникалық базасы болып табылатын емхананың салтанатты ашылу рәсімі Шымкент қаласының әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, медициналық ұйымдар, ЖОО және басқа да коммерциялық емес ұйымдар басшыларының қатысуымен өтті.
Реновация және күрделі жөндеу “ҚДСЖМ” ҚМУ мен шетелдік әріптес – “Issaya Hospital Management” компаниясының (Израиль) әдіснамалық қолдауымен және консультациялық көмегімен меншікті және тартылған қаражат есебінен жүргізілгенін атап өткен жөн, бұл Шымкент қаласының мегаполис ретіндегі инвестициялық белсенділігі мен тартымдылығының жоғары екенін кезекті рет растайды. Халыққа медициналық қызмет көрсетуді, менеджментті, ішкі процестер мен жұмыс тетіктерін одан әрі жетілдіру мақсатында серіктестер алдағы уақытта да медициналық мекемеге қажетті көмек пен қолдау көрсетуге ниетті.
Салтанатты іс-шара шеңберінде “ҚДСЖМ” ҚМУ (Алматы қ.) және ОҚМА (Шымкент қ.) профессор құрамымен “Жылдам өсіп келе жатқан мегаполис жағдайында БМСК” тақырыбында семинар-кеңес, шұғыл жағдайлар бойынша әртүрлі мамандар мен парамедиктер үшін мастер-кластар өткізілді, ал еліміздің жетекші профессорлары емханаға тіркелген азаматтар үшін тегін консультациялар өткізді.
“ҚДСЖМ” ҚМУ ректоры Ардақ Әуезова өз сөзінде халық тығыздығының жоғары және тұрақты өсуі салдарынан БМСК мәселелері ерекше өзектілікке ие болатын өңір үшін өткізілген семинар-кеңестің маңыздылығын атап өтті.
Семинар-кеңесті қорытындылай келе, баяндамашылар менеджмент жүйесінде емхананы клиникалық, әдіснамалық және техникалық қолдауды тұрақты негізде жүзеге асыруға, БМСК және стационарды алмастыратын технологиялар деңгейінде медициналық көмектің сапасын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін жақсартуға үздік практикаларды енгізуге дайын екендіктерін мәлімдеді.
Білім беру мен медицинаның, ғылым мен практикалық денсаулық сақтаудың өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылау емханада жақсы дәстүрге айналады.
Ашылу салтанаты барысында емхана директоры Жадыра Мұхамбетқызы Агишанова қонақтарға медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жабдықталған емхана мен медициналық корпусты жеке таныстырды.

