“ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университетінде «Денсаулық сақтаудағы стратегиялық жоспарлау» тақырыбында қонақ дәрісі өткізілді
Заман талабына сай кәсіби мамандарды даярлау мақсатын көздеген білім беру үрдісіндегі тиімді тәсілдердің бірі саланың таланантты, дарынды және үздік мамандарын оқу ісіне тарту болып саналады. “ҚДСЖМ” Қазақстандық медицина университетінде өзінің кәсіби білімі мен дағдыларын білім беру процесі барысында бөлісе алатын мамандарды тартуға ерекше көңіл бөліп келеді.
Осы ретте, стратегиялық жоспарлау сұрақтары бойынша денсаулық сақтау кадрларын даярлаудың маңыздылығын ескере отырып, “ҚДСЖМ” ҚМУ Денсаулық сақтау менеджменті кафедрасы қалыптасқан дәстүрді бұзбай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Айнұр Айыпханованың қатысуымен қонақ дәрісін ұйымдастырды.
Дәріске Денсаулық сақтаудағы менеджмент кафедрасының оқытушылары, «Денсаулық сақтаудағы менеджмент» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттың 1 курс магистранттары қатысты.
Айнұр Тоқсанқызы – аккредиттеу, сапа менеджменті саласындағы халықаралық сарапшы, “Болашақ” Президенттік бағдарламасының түлегі. “Қоғамдық денсаулық сақтау” және “Денсаулық сақтауды басқару” мамандықтары бойынша Индиана Университетінің (АҚШ) бакалавриаты мен магистратурасын үздік аяқтап, St. Vincent Health System аурухана кешенінің әкімшілігінде тәжірибеден өтті.
Айта кету керек, қонақ дәрісі онлайн режимде Moodle платформасында өтті.